Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында салық төлеушілер кабинетінің қолданушыларына МӘМС жүйесіндегі ағымдағы мәртебелерін және төлемдердің тұрақтылығын тексеруді ұсынатын SMS-хабарламалар жіберілетіні хабарланды.
Бұл шаралар МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін жоғалтудың алдын алу үшін жасалып отыр.
Егер азаматтың мәртебесі «САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН» деп көрсетілсе, не істеу керек?
1) ҚЫЗМЕТКЕР жұмыс берушінің есепшісіне хабарласып, төлемдердің уақытылы жүргізілгенін тексеруі керек.
2) ЖЕКЕ КӘСІПКЕР немесе ДЕРБЕС ТӨЛЕУШІ төленбеген айлар үшін жарналарды анықтап, Kaspi.kz, Halyk, BCC.KZ мобильді қосымшалары арқылы төлеуі қажет.
Қосымша кеңес алу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сайт (https://msqory.kz/), телеграм-бот (https://t.me/SaqtandyryBot), е-Өтініш платформасы (https://eotinish.gov.kz/) арқылы өтініш қалдыруға болады.
Айта кетейік, жұмыс берушілер мен салық агенттері қызметкерлерге (оның ішінде азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтіндерге) ай сайынғы аударымдар мен жарналар туралы хабарлауға міндетті (ҚР «МӘМС туралы» заңының 14-бабының 7-тармағына сәйкес).