Медициналық көмек көрсетуге үміткер медициналық ұйымдардың базасын жаңарту сатып алу науқаны басталғанға дейін жүргізіледі.
Жыл сайын 1 қазаннан 31 қазанға дейін Қордың базасына жеткізуші ретінде енген денсаулық сақтау субъектілері веб-портал арқылы базадағы ақпараттарды жаңарту үшін өтінім береді.
Биыл Қор мамандары алғаш рет медициналық ұйымдардың деректер базасын жаңарту аясында медициналық ұйымдарды тексеруге кірісті. Алғашқы кезеңде облыс орталықтарында орналасқан медициналық нысандар тексеріледі.
Қор сарапшылары жұмыс барысында медициналық қызмет жеткізушілерінің өндірістік базаларын тексереді, олардың ішінде:
— медициналық және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялар;
— халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы рұқсат құжаттары;
— ионды сәулелену шығаратын құралдар мен құрылғылармен жұмыс істеуге лицензиялар (қажет болған жағдайда);
— есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды айналымға енгізу саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар (қажет болған жағдайда);
— медициналық қызмет түрлері бойынша лицензияға қосымшалар, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның (қарау кабинеті, екпе кабинеті және т.б.) болуы;
— қызмет көрсету үшін қажетті жабдықтардың болуы, стационардағы төсектердің санының денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қорытындысына сәйкестігі;
— дәріханалар мен есірткі заттарын сақтау бөлмелері нормативтік құқықтық акт талаптарына сәйкес болуы.
Медициналық көмек көрсету түрлері немесе шарттары бойынша базалық деректерді қосу немесе жаңарту үшін өтініш берген медициналық ұйымдарды тексеру нәтижесінде Қор деректерді жаңартады, ал сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жеткізушіге бұзушылықтарды көрсететін қорытынды жібереді.
Медициналық ұйымдар өз кезегінде бұзушылықтарды жоюға құқылы және деректер базасын жаңарту үшін өтінішті қайтадан береді. Анықталған бұзушылықтар бойынша материалдар медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік органға әкімшілік шаралар қабылдау үшін жіберіледі.